Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары барысында екі ел солтүстік өңірлерді газдандыру бойынша ортақ шешімге келді. LS осы жобаның жүзеге асырылу тетіктеріне тоқталады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның солтүстігі мен Астананы газбен қамту үшін ел аумағында жаңа газ құбырларын салу мәселесі Ресеймен келіссөздерде талқыланған.
Екі тарап түпкілікті келісімге келгеннен кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құбырлардың техникалық параметрлері, құрылыстың мерзімдері, инвестиция көлемі мен қаржыландыру көздері, сондай-ақ газ көлемі, жеткізу шарттары және бағыттары нақтыланатын болады.
Министрлік қазіргі уақытта ішкі нарықта газ тапшылығы жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, алдағы жылдары электр энергетикасы, өнеркәсіп және мұнай-газ химиясының дамуына байланысты тұтыну айтарлықтай артады деп болжанады. 2030 жылға қарай ішкі сұраныс 39,7 млрд текше метрге жетпек. Биыл бұл көрсеткіш 21,3 млрд текше метр деңгейінде болады.
Өсіп келе жатқан сұраныспен қатар, елдегі тауарлық газ қоры да кеңейіп жатыр.
Атырау облысындағы Мақат ауданында Қашаған шикізатын өңдейтін жылдық қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты салынып жатыр. Сол кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өндіретін тағы бір зауыттың құрылысы жоспарланған.
Жаңаөзендегі ескі қазақстандық газ өңдеу зауыты базасында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу кәсіпорны бой көтеруде.
Бұған қоса, Қарашығанақ кен орнында жылына 4 млрд текше метр газ өндіретін зауыт салу мәселесі талқыланып жатыр. Бұған дейін жобаны "ҚазМұнайГаз" іске асыруы мүмкін екені айтылған.
Бұл жобалар жүзеге асса, Қазақстандағы тауарлық газ өндірісі жылына қосымша 6,8 млрд текше метрге артады.
Айта кетейік, Тоқаевтың Ресейге сапарында газ саласындағы әріптестіктің келешегі, соның ішінде шекара маңындағы өңірлерді газдандыру және ресейлік газды үшінші елдерге транзиттеу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талқыланған.
Бұған дейін, LS редакциясы Ресей газын Қазақстан арқылы тасымалдау көлемі өсетіні туралы хабарлаған болатын.