Қазақстан дайын тауарларды экспорттау бойынша Қытайға бағыт алады, деп хабарлайды LS.
Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, 2029 жылға қарай $45 млрд көрсеткішіне қол жеткізу үшін экспортты ұлғайтудың негізгі бағыттары айқындалған.
"Бірінші кезекте Қытайға назар аударылды. Біз орта мерзімді перспективада дайын өнім экспортын 2,5 есеге ұлғайтуды және $12,5 млрд-қа дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $5 млрд құрады", — деп атап өтті ол.
ЕАЭО және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша тереңдетілген жұмыс жалғасады, шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылуда, деп нақтылады Шакқалиев.
"Таяу Шығыс елдерінде тоңазытылған қой еті, құс еті және сұранысы жоғары қосалқы өнімдер сияқты жоғары маржалық тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталуда. Қазақстандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға дайын Еуропалық Одақ нарығы біз үшін басым бағыт болып табылады", — деді ол.
Бұл ретте қазақстандық өнімнің танымалдылығын арттыру басым міндет.
"Осы айдың басында Үрімші қаласындағы Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданындағы QazTrade сауда өкілдігі тіркелді. Араб Әмірліктерінде "ЭКСПО Дубай" ұлттық павильонының аумағында Qazaq Trade House жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, қазақстандық компаниялардың Қытайдың Үрімші мен Шанхайдағы екі ірі көрмесіне қатысуы жоспарланған", — деді министр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша, экспорттық шикізаттық емес тауарлардың саны 278 позицияға, 5,7 мыңнан 6 мыңға дейін ұлғайды, сондай-ақ, экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді (2022 жылы 129 ел болған). Азия елдеріне дайын өнімді жеткізу көлемі де ұлғайды: Қытай – 8%, Оңтүстік Корея – 26%, Вьетнам – 46%.
"Қызметтер экспортының 29%- ға өсуімен мыс, ферроқорытпалар, мырыш, күміс, мұнай өнімдері сияқты өнеркәсіптік тауарлар бойынша жеткізілімдердің төмендеуі байқалады. Құлдырау әлемдік бағаның құбылмалылығы, сұраныстың төмендеуі және мақсатты нарықтағы бәсекелестіктің шиеленісуі сияқты сыртқы факторлармен байланысты", — деп нақтылады Шакқалиев.
Спикердің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерін жеткізудің нақты көлемі: ұн – 1,1%-ға, күнбағыс майы – 55,5%-дан астам, сусындар – 42,8%-ға өсті.
Бұған дейін, Қытайдың Қазақстанға ағаш вазалар мен қобдишаларды көбірек сата бастағаны хабарланған болатын.