IPO шарасы кезінде «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларына тиімді ақша салу сылтауымен алаяқтар Play Market-тің ресми дүкенінде күмәнді қосымшаларды белсенді түрде жарнамалауда. App Store-да әзірге мұндай сервистер пайда бола қойған жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады.
Агенттіктің хабарламасына қарағанда, алаяқтар тегін орнатуға болатын әртүрлі мобильді қосымшалардың көмегімен IPO-да «ақша табуды» ұсынады.
Аңқау азаматтарды көбірек тарту үшін олар «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың атауы мен логотипін пайдаланады, ал қосымшаларға сипаттамада аз ғана күш салып жоғары, әрі кепілді табыс алуға уәде етеді. Бұл қосымшалар үкіметтің қолдауымен әзірленді-мыс деп сендіреді.
Алаяқтар IPO шеңберінде бағалы қағаздарға инвестиция салу жеңіл және әр инвестиция үлкен пайда әкеледі деп сендіреді. Дәлел ретінде олар жалған пікірлерді орналастырады. Мына деректерге: қосымшаның шығарылған күніне, ол қаншалықты жиі жаңартылатынына, әзірлеушісі кім екендігіне, пікірлердің саны мен жарияланған күні және пайдаланушылардың аты-жөндеріне назар аударыңыз. Қосымша сіздің деректеріңізді қалайша және қандай жолмен жинайтыны, өңдейтіні және әзірлеушіге беретіні туралы ақпарат маңызды болып табылады.