Вы находитесь здесь:Главная/Новости/Ақтөбе облысында қуаттылығы 57 МВт болатын газ турбиналық қондырғы іске қосылды

Ақтөбе облысында қуаттылығы 57 МВт болатын газ турбиналық қондырғы іске қосылды

19.11.2022

Бүгін Ақтөбе ЖЭО стансасында қосымша қуаттарды қосу-баптау жұмыстарының соңғы кезеңі жүзеге асырылды. Жоба Ақтөбе облысының энергетикалық әлеуетін күшейтуге және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Еуразиялық даму банкінің Басқарушы директоры Александр Гареев қатысты.

Жаңа газ турбиналық қондырғыны іске қосу арқылы орталықтың қуаты 118 МВт-тан 175 МВт-қа дейін ұлғаяды және жылына 423 млн кВтсағ көлемінде қосымша электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді. Маңызды жобаның құны — 20,9 млрд. теңге. Кредиттік келісім аясында Еуразиялық даму банкі жобаның негізгі бөлігі 15,98 млрд теңге көлемінде қаржыландырды. Өндіріс процесін барынша автоматтандыруға мүмкіндік беретін озық технологиялар пайдаланылды.

«Энергетика — әр ел экономикасының, оның ішінде Қазақстанның маңызды секторларының бірі. Энергетикалық қауіпсіздік — халықтың өмір сүру сапасын анықтайтын және мемлекеттік басқару тиімділігінің көрсеткіші. Бүгінде облысымызға 900 МВт электр қуаты қажет, оның тең жартысы жергілікті электр өндіруші кәсіпорындармен қамтамасыз етіліп, қалғаны сырттан алынады. Алдағы 10 жылдықта электр энергиясына деген қажеттілік 1500 МВт-қа дейін ұлғаяды деп күтілуде. Осы орайда, облыстың энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», — деді облыс әкімі салтанатты шара барысында.

Ақтөбе жылу электр орталығы – Ақтөбе халқы мен кәсіпорындарын орталықтандырылған жылу және электрмен жабдықтаудың жалғыз көзі. Станция өнеркәсіптік тоқты 1943 жылдан бастап өндіріп келеді. Кәсіпорында 2020 жылы ауқымды жаңғырту басталды. Жаңа газ турбиналық қондырғыдағы барлық электр энергиясы қала тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жұмсалады. Жобаның іске қосылуы нәтижесінде 40-тан астам жұмыс орны құрылды.

«Бұл — өңір үшін маңызды жоба. Өйткені бүгінде Ақтөбе облысы электр энергиясының бір бөлігін сыртқы көздерден алып отыр. Бұл жобаны іске асыру туралы инвестициялық келісімге 2021 жылы қол қойылған еді, екі жылға толмайтын уақыт ішінде үлкен жұмыс жүргізілді», — деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

TOP