Маңғыстауда шетелдік серіктестерімізбен бірге ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесін қарастыру қажет, одан шыққан дайын тауарды қайтадан экспорттауға болады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті.
«Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін арттырып, азық-түлік нарығын дамыту аса маңызды. Агроөнеркәсіп саласы – ел экономикасын дамыту ісіндегі стратегиялық басымдықтың бірі. Мен халықаралық форумдарда әлемдік нарыққа азық-түлік өнімдерін көптеп шығара аламыз деп жиі айтамын. Бұған бізде мол мүмкіндік бар. Бірақ, ең алдымен, өз елімізді сапалы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Маңғыстау өңірі үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Аймақ тұрғындары жыл сайын 100 миллион доллардың азық-түлігін сырттан алады. Мұндай тәуелділік оның бағасына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам қымбаттаған. Көбіне мұндай ахуалдың қалыптасуына аймақтың орналасқан жері және логистика мәселелері себеп болып отыр», — деді ҚР Президенті.