Вы находитесь здесь:Главная/Новости/Қазақстан аудиторлары халықаралық деңгейге шығады

Қазақстан аудиторлары халықаралық деңгейге шығады

07.11.2022

ЕАЭО аясында аудит қызметтері бойынша бірыңғай нарық қалыптасады. Бұл жайында ҚР Қаржы министрлігінен мәлім етті.

«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес, аудит саласындағы қызметтер бірыңғай нарықты қалыптастыратын қызметтер секторының тізбесіне кіреді», — деп атап өтеді ведомстводан.

ҚР ҚМ Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаментінің директоры Анар Қалиеваның түсіндіруінше, ендігі уақытта тараптардың әрқайсысы – Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, екінші тараптың тұлғаларына ұлттық режим мен барынша қолайлы жағдай жасау режимінде, цифрлық және инвестициялық шараларды қолданбау шарттарында шектеусіз, алып қоюсыз және қосымша талапсыз қызметтерді жеткізуге және алуға құқық беруге міндетті болады.

«Аудиторлардың қызметі елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететінін түсіну керек. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің Президенттері 2022 жылғы 19 сәуірде қол қойған Аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісіммен, оның ішінде рұқсат беру, тізілімді жүргізу, сапаны сыртқы бақылау мәселелері реттеледі. Аудиторлық ұйымдардың бәсекеге қабілетін арттырудағы негізгі мәселенің бірі — Халықаралық бухгалтерлер федерациясы қабылдайтын халықаралық аудит стандарттарын Еуразия экономикалық одағының бүкіл аумағында қолдану уағдаластығы», — деп түсіндіреді ол.

Департамент директорының атап өтуінше, халықаралық аудит стандарттары әлемнің көптеген елдерінде қабылданған.

Ол экономикалық қатынастарды нығайтуға және интеграциялық процеске ықпал етеді.

«Еліміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан алғашқылардың бірі болып халықаралық аудит және қаржылық есеп стандарттарына көшкенін айта кету керек. Аудиторлық мамандық тұтастай алғанда ынтымақтастық пен бәсекелестік рухына тән. Бұл отандық аудитті одан әрі жетілдіруге көмектеседі. Әртүрлі клиенттер әртүрлі тәсілді қажет етеді және кез келген клиент (үлкен және кіші) өз функциясын лайықты орындайтын және кәсіби этика нормаларын ұстанатын аудиторлық компанияға қызығушылық танытады. Осыған байланысты аудиторлық қызметтердің халықаралық нарығы үлкен және кіші ұйымдардың дамуына мүмкіндік береді», — деді Анар Қалиева.

TOP