Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қалада салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарын, сондай-ақ жолдарды қайта жаңғырту бойынша жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Алдымен облыс әкімі 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген үй құрылысы комбинатына барды. Зауыт тұрғын үй құрылысына қажетті көптеген жабдықтарды, атап айтқанда, сыртқы және ішкі қабырға панельдерін, еден жабындыларын, баспалдақтар шығарады.
Кәсіпорын 5 жыл ішінде 100 пайыз қазақстандық өнімді пайдалана отырып, 40 мың шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысын жүргізген. Жалпы зауыттың жобалық қуаты жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысына қауқарлы, алайда қазіргі таңда аталған көрсеткіштің жартысын ғана жүзеге асыруда.
Үй құрылысы комбинаты биыл Есет батыр тұрғын үй алабында екі үйді аяқтап пайдалануға берген, тағы үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Келер жылы бес үйдің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Есет батыр тұрғын үй алабының №3 шағын ауданындағы екі секциялы ірі панельді №39, 40, 41 үйлердің құрылысын арнайы барып көрді. Бұл үйлерге алдағы уақытта баспана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 360 отбасы қоныстанады. Құрылысын «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС үй құрылысы комбинатының өнімдерін пайдалана отырып салып жатқан үйлер екі және үш бөлмелі.
Компания өкілдері Ералы Тоғжановқа үйлердің құрылысы жыл бойы жүргізіліп жатқандығын айтты.
Таза әрлеуде, дайын күйінде тапсырылатын пәтерлерді қарап шыққан өңір басшысы үйдің жобасы мен сапасына оң бағасын берді.
Бұдан соң өңір басшысы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы жолға барды. Жолдың бір жақ қозғалыс бөлігі пайдалануға берілген. Қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң аталған даңғылдағы жол сегіз жолақты болады. Жоба құны – 1,9 млрд теңге. Бас мердігер – «Ассана-Дорстрой» ЖШС. Жол құрылысы 2023 жылдың соңына дейін толық аяқталады.
2023 жылдың көктемінде «Мәскеу» ауданындағы Чехов көшесінде жолды күрделі жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары басталады. Бұған дейін осы көшеде тұратын Сұлушаш Еламанова өңір басшысына келіп, аталған мәселелерді шешуге көмектесуін өтінген еді.
Бүгін облыс әкімі Чехов көшесіне арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, көшені жөндейтін мердігердің анықталғанын, жұмыстар келер жылдың көктем айында басталатынын жеткізді.
Ералы Тоғжанов Есет батыр тұрғын үй алабындағы №27 үйдің де құрылыс алаңында болды. 9-қабатты жалға берілетін үйдің құрылысы 2020 жылдың маусым айында басталған, жоспар бойынша биыл желтоқсанда пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда «КСМК-АФ» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан үй жобалаушылардың кесірінен, сондай-ақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тоқтатылған.
Қазіргі таңда нысанның 55% дайын. Айта кету керек, осы мердігер мекеме Ақтөбе қаласымен қатар Хромтау, Қарғалы аудандарында үш тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Барлығында мәселе бар.
Облыс әкімі аталған компанияға қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына беруді тапсырды.
Есет батыр тұрғын үй алабының №3 шағын ауданындағы 9-қабатты үйдің құрылысын қарап шыққан облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты басқарма басшыларына үйлердің сыртқы қасбетіне де басты назар аудару керектігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.