Оқушыларға берілетін электронды планшеттер оқушылардың оқуына қосымша мүмкіндіктер береді, сонымен қатар мектеп рюкзактарының салмағына қатысты мәселені шешуге көмектеседі.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған
Юаспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бұған дейін ата-аналар оқушылардың цифрлы білім беру ресурстарына, электронды күнделіктерге, білім беру платформаларына, әсіресе ауылдық жерлердегі оқушылардың тең қолжетімділігі және рюкзактардың ауырлығына байланысты балалардың денесіне түсетін жүктеме мәселесін көтерген болатын.
Балаларға электронды күнделіктер, оқулықтар мен цифрлы білім беру ресурстары орнатылатын планшеттермен қатар бұрынғыдай басып шығарылған оқулықтар да беріледі.
Осылайша, балалар цифрлы сабақтарға, жаттығуларға және тапсырмаларға қосымша қол жеткізе алады. Сонымен қатар мектепте баспа оқулықтарын қолдануға, кейін оларды сол жерде қалдыруға және үй тапсырмаларын орындап, қосымша білім алу үшін электронды құрылғыларды қолдануға мүмкіндік алады. Егер оқушы планшетті пайдаланғысы келмесе, онда оның бас тартуына және тек дәстүрлі оқулықтарды пайдалануына құқы бар.
«Планшеттердің көмегімен балалар цифрлы сабақтарға, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізе алады. Интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақтарды, тапсырмаларды, білім беру ресурстары және оқулықтарды офлайн пайдалану мүмкіндігі болады. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп оқушыларды электронды құрылғылармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Егер қандай да бір себептермен бала планшеттерді қолданғысы келмесе, онда ол әдеттегідей дәстүрлі оқулықтарды және стационарлық құрылғылардан білім беру ресурстарын пайдалана алады. Яғни планшеттер оқулықтарды алмастырмайды, бұл — оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады», — деп айтты Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
Айта кетейік, Осыған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкіметтің отырысында бірінші сынып оқушыларына жалға планшет беруді ұсынған болатын. Мұндағы мақсат – қазіргі таңда ата-аналардың алаңдаушығын тудырып отырған ауыр рюкзак мәселесін шешу және мектептердегі цифрландыру деңгейін арттыру болып отыр.
Бағдат Мусин сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігімен бірге, планшеттерге қойылатын негізгі талаптарды, оның ішінде интернетке қол жеткізуге арналған сенімді сайттар тізімін бекітуді, оқушыларға планшеттерді сатып алу мен берудің жыл сайынғы механизмін анықтауды ұсынды.