Ақмола облысының тұрғыны тиісті құжатсыз және сертификатсыз темекі сатумен айналысқан, деп хабарлайды Қаржы мониторнигі агенттігінің баспасөз қызметі.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз мәліметтеріне қарағанда, ұсталған адам темекі өнімдерін Ақмола облысының аумағында саудалаған.
Мәселен, биыл наурыз-маусым айлары аралығында Р.Э. Гүлиев деген азамат тауардың сапасы мен шығу тегін растайтын құжаттарсыз темекі өнімін сатып алып, оны Астанада «Әмір» базарының аумағында, контейнерде сақтаған. Ол Ақмола облысының Ақкөл қаласында жалпы сомасы 775 000 теңгенің тауарын сатып үлгерген.
Контрафактілі темекі бұйымдары салынған автокөлік тауарды Астанадан Ерейментау қаласына дейін тасымалдау кезінде ұсталды, жоспар бойынша оны бөлшек сауда дүкендері арқылы өткізбек болған.
Көлік құралын тексеру барысында жалпы саны 34 500 қорап темекі бұйымдары табылып, тәркіленді.
Өңірлік МКД қорытындысына сәйкес, тәркіленген 37 150 қорап акцизделуге тиіс темекі өнімдерінің жалпы құны 22 млн теңгеге жуық соманы құрайды.
«Сот үкімімен Р. Э. Гулиевке 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды»,-делінген хабарламада.