Гаага, 2022 жылғы 27 қазан — Нидерландтағы Қазақстан елшілігі арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында атақты қазақ жазушыларын, ақындары мен драматургтарын еске алды. «Қазақ әдебиетіндегі қазіргі зерттеулер» атты тақырыппен өткен пікірталасқа Қазақстанның әдебиеттанушылары мен ғалымдары қатысты.
«Қазақ әдебиеті дегеніміз — ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан қазақ халқының рухани және мәдени мұрасы. Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбдіжамал Нұрпейісов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменовтер ондаған жылдар бойы әлем әдебиетінің тарихына Қазақстанның атын жазған тұлғалар. ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген қазақ жазушыларының мерейтойлары әлемдік деңгейде тойланып келеді», — деді дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев.
Елші атап өткендей, XX ғасырдың екінші жартысы қазақ әбедиетінің алтын ғасыры болды.
«Ол жылдары Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазып, бүкіл әлем қазақтың ұлы ойшылы туралы білімге қанық болды. Айта кетерлігі, бұл шығармада, Нидерландтың Ляйден қаласы туралы айтылады, сондықтан, бүгін біздің осында жиналым отырғанымыз да кездейсоқтық емес», — деді Асқар Жұмағалиев әдебиеттанушылардың алдында сөйлей отырып.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Альмира Қалиеваның айтуынша, қазіргі таңда М.О.Әуезовтың шығармалары семиотикалық, антропологиялық, геопоэтикалық, гендерлік, феноменологиялық тұрғыдан зерттеліп жатыр.
«Біздің ойымызша, ғылыми ықпалдасу үдерісінің нәтижесінде орын алған тектоникалық өзгерістер, пәнаралық мүдделер, әдістемелік жаңғыртулар жазушы шығармаларын мүлде жаңа позициялардан көруге мүмкіндік беретіндей көрінеді. Қанша уақыт өтсе де, «Әуезовтің тілі» ұлттық әдебиет тіліндегі өз сапасын жоғалтқан жоқ», — деді А.Қалиева.
Дөңгелек үстелге жиналғандар сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ғабит Мүсірепов пен өзге де қазақ әдебиетінің бәйтеректері қалдырған мұра мен олардың рөлдері туралы әңгіме өрбітті.
Іс-шараға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Альмира Қалиева, Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Алуа Таңжарықова, Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы және тағы басқалар қатысты.