Бүгін Астанада «Airport Expo’2022» Халықаралық əуежайлар инфрақұрылымының көрмесі ашылды. Іс-шара 21 қазанға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметті.
Көрмеге әлемнің 10-нан астам елінің өкілдері қатысуда. Шарада Орталық Азияның халықаралық əуежайлары мен ірі габаритті əуайлақтық техника стендтері көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің ресми серіктесі – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі. «Airport Expo» көрмесін елімізде өткізудегі басты мақсат – азаматтық авиацияны жаңғырту жəне оны жетілдіру мəселелерін бірлесе шешу. Бұл бастама өз кезегінде саланың дамуына тың серпін бермек. Ал Қазақстан астанасының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы жүк, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын жаңа авиакомпанияларды тарту кезінде басты артықшылық болып табылады.
Осы ретте айта кетерлігі, Қазақстан Орталық Азиядағы ірі іскерлік және транзиттік хабқа айналуды көздейді. Бүгінде еліміздің азаматтық авиация саласында бұл тарапта нақты жұмыстар жүзеге асырылып, оң серпіліс байқалады. Атап айтқанда, жаңа əуежайлар мен терминалдар пайдалануға беріліп, жаңа авиациялық бағдарлар енгізілуде. Халықтың мобильділігін, авиациялық тасымалдар қолжетімділігін арттыру азаматтық авиация инфрақұрылымын дамыту деңгейіне тікелей байланысты екендігі белгілі. Ол заманауи əуежайдан бастап əуе кемелері паркін тиімді басқаруға дейінгі шараларды қамтиды.
«Airport Expo’2022» көрмесінің негізгі тақырыптық бағыттары жаңа технологияларды, техниканы жəне жабдықты қолдану аясын одан әрмен кеңейтуге мүмкіндік беретін перспективалық бағдарламаларға старт береді деп күтілуде.
Сондай-ақ көрме аясында «Халықаралық ұшу стандарттарын енгізу жəне авиажолаушыларға заманауи қызмет көрсету технологиялары» атты халықаралық конференция өткізілмек.