Алматыда 2022-2023 жылдардағы жаңа жылыту маусымы басталды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.
«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша 2022-2023 жылдардағы жаңа жылыту маусымы Алматыда 17 қазанда басталды. Жаңа жылыту маусымы басталған күн метеорологиялық болжамдар мен Алматыдағы ауа райының күнделікті мониторингі негізінде анықталды»,- делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Бұл ретте тұтынушыларды жылумен жабдықтауға қосу мынадай кезек бойынша кезең-кезеңмен жүзеге асады:
- балабақшалар, емдеу орындары, мектептер, кәсіптік мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер;
- тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер;
- әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, театрлар;
- басқа ғимараттар.
Сондай-ақ, әкімдіктің мәліметінше, жылыту маусымына жабдықтау желілерін дайындау жұмысы кестеге сай жүргізілді.
«Алматы жылу желілері» ЖШС тұтынушыны жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желілері жылу энергиясын баланстық шектеу шекарасына дейін (үйге кірер тұсқа) жеткізеді. Басқарушы компания, ПИК, ОСИ үйге кіреберістегі параметрлерді тексеріп, үй ішіндегі жылумен жабдықтау жүйесін қосуға тиіс»,- деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігі.