Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин осы аптада Астанада өтетін халықаралық іс-шараларға қатысады. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «Владимир Путиннің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитіне, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) мемлекет басшылары кеңесінің отырысына, «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысуы жоспарланып отыр ма?» деген сұраққа жауап берді.
«Иә, оның келетіні расталды. Владимир Путин бүкіл іс-шараларға – АӨСШК саммитіне, ТМД отырысына және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысады», — деді Айбек Смадияров ҚР СІМ журналистеріне арналған брифингте.
Айта кетейік, Астанада өтетін АӨСШК саммитіне 11 мемлекеттің басшылары қатысады. Олар – Әзербайжан, Ирак, Иран, Қатар, Қырғызстан, Ресей, Палестина, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан басшылары.
Сонымен бірге, АӨСШК бақылаушы мемлекет ретінде Беларусь президенті де саммитке қатысады.