ҚР Президент Қасым-Жомар Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде халықаралық тұрақтылықтың үш қағидатын атады.
«Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Бұл ережелер осы уақыт аралығында біздің қызметімізді тиімді реттеп келді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекеттердіңегемендігі оның аумақтық тұтастығымен тығыз байланысты екенін еске салды.
«Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады»,- деді Президент.