Қостанай облысындағы орман өрттеріне байланысты «Басаман орман шаруашылығы мекемесінің» басшысы қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
«Қостанай облысының прокуратурасы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ-нің басшылығына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) бастады.
Сол күні мекеме басшысы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
15 қыркүйекте сот мекеме басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді», — делінген Қостанай облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Мәлім етілгендей, тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.