Алматы зообағында Ричард атты зебраның тіршілігі ұйықтату тәсілімен тоқтатылды. Бұл туралы зообақтың ресми аккаунтында жазылды.
«2018 жылы Ричардқа қатерлі ісік диагнозы қойылған. Ветеринарлар күрделі ота жасап, оның өмірін тағы төрт жылға ұзартуға мүмкіндік берді және осы төрт жылда Ричард бір рет құлындады. Бірақ қатерлі ісік ауруын толық емдеу мүмкін болмады. Жақында Ричардтың жағдайы күрт нашарлады, ағзасын жайлаған қатерлі дерт оны емдеуге жол бермеді. Біз ауруға шалдыққан жануарды қинағымыз келмеді», — деп хабарлады Алматы зообағынан.
Халықаралық хайуанаттар бағы мен аквариумдар қауымдастығының этикалық кодексіне сәйкес, ауруы қатты асқынған, айықпас дертке шалдыққан жануарлардың тіршілігі медицина жолымен тоқтатылады. Бүгін Ричардқа эвтаназия жасалды.
«Ричард – баққа келушілеріміздің ең сүйікті жануарларының бірі еді. Зебра 2000 жылы Словакиядағы Бойнице хайуанаттар бағында туған. 2001 жылы Алматыға әкелінген. Одан тараған жеті құлын бүгінде дүниежүзіндегі басқа хайуанаттар бағында жүр», — деп атап өтті зообақтағылар.