Компания қызметкерлері үшін медициналық сақтандыру өнімдерін қалай таңдаған дұрыс?
Ерікті медициналық сақтандыру – әлем бойынша сақтандыру нарығында кең тараған сақтандыру өнімі. Отандық сақтандыру нарығы мамандарының айтуынша, ЕМС – еңбек нарығындағы «әлеуметтік пакеттің» міндетті бір құрамдас бөлігі: ол жұмыскер үшін де, жұмыс беруші үшін де тиімді ұсыныс.
Ерікті медициналық сақтандыру кімдерге арналған және оны қалай бағалауға болады? Forbes.kz сұрақтарына «Евразия» СК» Медициналық сақтандыру департаментінің директоры Нұрлан Смағұлов жауап берді.
Айта кетейік, ЕМС саласында 20 жылдан бері қызмет көрсететін «Евразия» СК» бүгінде активтер мен төлемдер және сыйақылар ауқымы бойынша еліміздің сақтандыру нарығының 37%-ын бақылап отырған көшбасшы компания.
- Ерікті медициналық сақтандыру – Қазақстан нарығына Батыстың дамыған елдерінен келген сақтандыру өнімі, — дейді Нұрлан Смағұлов. – Жалпы, медициналық сақтандыру шетелдік кез келген ірі компанияда ескерілген міндетті ұсыныс. Халықаралық тәжірибеде және отандық сақтандыру нарығында медициналық сақтандыру үшін компанияларға қойылатын басты талап – жеке медициналық орталықтың болуы.
Дәл осы себептен «Евразия» сақтандыру компаниясы көптеген отандық және шетелдік ірі компаниялармен жиырма жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде бізге 400 компания 50 мыңнан астам адамның денсаулығын сеніп тапсырған.
Ерікті медициналық сақтандыруға тән басты ерекшелік неде?
- Ерікті медициналық сақтандыруға тән басты ерекшелік – ол тұрақты төлемдерге негізделген өнім. Бұл өнімнің қолданыс мерзімі бір жылды құрайды, бірақ, әдетте, жұмыс беруші оны ұзартып отырады.
Біздің елде ЕМС мемлекеттік медицина жүйесіне қосымша қолдау бола отырып, медицинаның жеке секторын дамытуға үлес қосуда. Ол медициналық қызметке деген қолжетімділікті арттырып, медицина саласындағы жайлылық, ыңғайлылық көрсеткіштеріне дем беруде: ЕМС бойынша сақтандыру полисіне ие тұлға өзіне тек сапалы медициналық қызмет көрсетілетініне еш шүбә келтірмейді. Ол медицина орталығына өзіне ыңғайлы уақытта келіп, барлық мәселесін оңай шеше алады. ЕМС жүйесі сапалы сервис пен жеке қызметті қалайтын тұтынушыларға арналған. Олар сақтандыру пакетінде ескерілген барлық медициналық қызметтерді тегін ала алады.
Мысалға, қандай қызметтерді?
- Бұл тұрғыда ескерілген сақтандыру бағдарламасы кең ауқымды. Оның ішінде жедел жәрдемнен бастап, толық диагностика және пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарда емделу мен емдеуден кейінгі оңалту бағдарламалары бар. Болашақ аналар үшін жүктілік пен бір жасқа дейінгі балаларды медициналық тексеру қамтылады. Мұнда стоматология қызметі де бар. Мысалы, «Евразия» СК» ұсынатын сақтандыру бағдарламасында тіс емдеуге арналған шектеулі сома ескерілген, әдетте, ол сақтандыру төлемінің 30–40%-ын құрайды.
Ескеретін жайт – ЕМС аясындағы медициналық барлық қызмет сақтандыру сомасынан аспауы тиіс. Сондай-ақ, ЕМС мемлекеттік емес секторда емдеуге тыйым салынған сырқат түрлерін, туа біткен патологияларды қамти алмайды. Алкоголь немесе есірткі қолдану салдарындағы жарақаттар, улану, косметологияға жататын емдеу түрлері ЕМС аясында ескерілмеген.
Қазақта «суық тиген» және «көз тиген» дейтін сырқаттың екі түрі бар емес пе, әзілдеп айтсақ, суық тисе – ол сақтандыруға жататын жағдай, ал көз тисе – ол сақтандыру оқиғасы емес.
Бұл өнім жұмыс беруші үшін несімен тиімді?
- ЕМС – Қазақстанның сақтандыру нарығында өзіндік бір жаңа мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан өнім. Қызметкердің денсаулығына инвестиция салуды дағды еткен кез келген компания бәсекеге қабілетті, беделді де сенімді жұмыс беруші деп танылады. Ал өз брендін, имиджін нығайта білген компания еңбек нарығындағы ең білікті, ең кәсіби мамандарға иек арта алады. Қай кезеңде болмасын, ең орнықты, ең тиімді инвестиция – ол адам капиталына салынатын қаражат. Яғни, жұмыс беруші үшін ЕМС – әлеуметтік жауапкершілік көрсеткіші. Нарық ішінде жүргізілген бірқатар сауалнамалар көрсеткендей, бүгінде әлеуметтік пакет құрамында ерікті медициналық сақтандырудың болуы – компаниялардың тартымдылығын арттыратын маңыздың фактордың бірі. Біздің нарықта ЕМС корпоративті клиенттер тарапынан сұранысқа ие сақтандыру өнімі.
«Евразия» СК клиенттеріне қандай медициналық мекемелер қызмет көрсетеді?
- Отандық сақтандыру нарығында «Евразия» сақтандыру компаниясына тән бірегей ерекшелік – біздің компанияның «Medical Assistance Group», яғни клиенттер арасында MAG деп аталып кеткен өз жеке медициналық ассистанс жүйесі бар. Ол тек «Евразия» компаниясында сақтандырылған тұлғаларға ғана медициналық қызмет көрсетеді. Оның құрамында Алматы және Астана қалаларында ашылған жекеменшік төрт медициналық орталық жұмыс істейді. Елордадағы жаңа орталықтың бірі 2019 жылы қолданысқа берілді: ол заманға сай медициналық технологиялармен толық жабдықталған. Алматыда амбулаториялық қызмет көрсететін екі орталық және бір стоматологиялық мекемеміз бар. Стоматологиялық емхана – біздегі басты артықшылықтың бірі, онда кішкентай балаларды да қабылдайды. Өздерімен қоса балаларын да тіркеген ата-аналардан біз үнемі жылы лебіз естіп жүрміз. Бұйырста, биыл Алматыда тағы бір медорталық ашу жоспарда бар.
Біздің медорталықтарда жоғары категориялы, тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді, олар өз нарығында мойындалып, танылған майталман мамандар. Олардың ішінде кардиолог, гастроэнтеролог, эндокринолог, акушер-гинеколог, аллерголог, т.б. көптеген мамандар бар. Біздің клиенттер өз пакетіндегі медициналық қызмет түрлері бойынша орталық мамандарына тікелей жүгініп, қажет ем қабылдай алады. Бұл үшін біздің медорталықтардың байланыс қызметіне хабарласып, өзіне ыңғайлы уақытты таңдаса жеткілікті. Компанияның өзге өңірлердегі клиенттері де осы орталықтар қызметіне жүгіне алады, ал біздің ассистанс жүйесі еліміздің әр өңірінде қызмет көрсетуді жолға қойған.
Айтқандай, «Евразия» СК» ұсынатын сақтандыру бағдарламасы аясында ІТ сервистерге де оңай қол жеткізуге болады. Мысалға, «Medical Assistance Group» сайтында жеке кабинет функциясы іске қосылған. Онда сақтандыру картасының номері мен сақтандыру шартының қолданыс мерзімінен бастап, сақтандыру бағдарламасында ескерілген барлық ақпарат толық қамтылған: анализ қорытындылары мен дәрігерлер белгілеген ұсыныстар, таяу маңдағы медициналық мекемелердің мекен-жайы деген сияқты. Cондай-ақ, жеке кабинетте сақтандыру шарттары мен медициналық қамтамасыз ету мәліметтерімен танысып, стомотология қызметтері мен дәрі-дәрмектерге қатысты шектеулердің бар-жоғын тексеруге болады.
Ерікті медициналық сақтандырудың жұмыс механизмі қалай құрылған?
- ЕМС аясында жұмыс беруші жұмыскерді өз есебінен сақтандырып, сақтандырушы компаниямен шартқа отырады. Ал сақтандырушы компания медициналық лицензиясы бар медициналық мекемемен келісімге отырып, сақтандырылған жұмыскердің дер кезінде сапалы медициналық қызметке жүгінуіне жағдай жасайды. Әрине, барлық қызмет сақтандыру бағдарламасында ескерілген жағдайға сай орындалады, өйткені ұсынылған пакеттің бағасы ондағы шарттарға орай әртүрлі болуы мүмкін.
Сақтандыру құны әр компанияның өз ұсынысына қарай жеке-жеке есептеліп, құрылады, бұл арада кәсіпорын қай салаға негізделген, қай аумақта орналасқан, онда қанша қызметкер жұмыс істейді, олардың жас шамасы қандай деген сұрақтар да есепке алынуы мүмкін.
Құпия болмаса, «Евразия» компаниясы нарық ішінде қандай баға ұсынады?
- «Евразия» СК» акционерлік қоғамы ұсынатын ЕМС бойынша стандартты сақтандыру бағдарламасының құны бір қызметкер үшін жылына 72 мың теңгеден 264 мың теңгеге дейінгі аралықта. Айталық, жұмыс беруші өз қызметкерін бір жылға 100 мың теңгеге сақтандырды дейік, мұндай жағдайда сақтандыру сомасы 1,5 млн теңгені құрауы мүмкін. Яғни, сақтандыру жағдайы туындап жатса, медициналық шығындарды өтеуге осындай сома жұмсалады деген сөз.
Сақтандыру пакетінің құнына сақтандырушылар саны да әсер етеді, мысалға, компания қызметкері өзімен бірге отбасы мүшелерін де сақтандырған болса. Бірқатар компанияларда сақтандыру пакетінің әртүрлі деңгейі енгізілген, яғни сақтандыру ұсынысы қызметкерлердің сол компаниядағы жұмыс өтіліне қарай қалыптасуы мүмкін. Біздің клиент-компанияның бірінде ең қымбат сақтандыру пакетін тек басқарушы топ үшін ғана емес, сол компанияда талай жыл жұмыс істейтін клиниг-қызметкерге рәсімдеген жағдай да болған.
Түйіндеп айсақ, ЕМС – ұжым қызметкерлерінің денсаулығына қатысты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік беретін сақтандыру құралы. Бұл арада, ең бастысы – тиімді сақтандыру компаниясы мен кәсіби медициналық ассистанс таңдау керек.
Фотосуреттер «Евразия» СК архивінен алынды