2022 жылдың 16 мамырында елімізде жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Аталған бағдарлама қолданысқа енген бір аптаның ішінде отандастарымыздың тарапынан жаңа бағдарламаға қатысу мүмкіндіктері туралы көптеген сұрақ туындады
Отандық нарықтағы автокөліктерді сақтандыру ерекшеліктері тұрғысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Елена Филимонова әңгімелейді.
- Ең алдымен ескеретін жайт – жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасына қатысу үшін қарыз алушы кез келген банкті өз қалауымен таңдай алады, бұл оның өз құқығы, — дейді Елена Филимонова. — Егер банк ұсынған талаптар қарыз алушының көңілінен шықпай жатса, ол осы бағдарламаға қатысып отырған өзге банкке өтініш жасай алады.
Айта кету керек, әдетте, қарыз шартын рәсімдеу барысында, отандық банктердің қайсысы болса да қарыз алушыға сақтандыру ұйымымен арада автосақтандыру жөнінде келісім жасасуды ұсынады. Екінші деңгейдегі банктер бұл ұсынысты аталған бағдарламаға қатысудың өзіндік бір талабы деп қарастыратыны жасырын емес. Алайда, автомобиль көлігін сақтандыру – сақтандырудың ерікті түрі. Яғни, бұл тұрғыда, сақтандыру талаптары мен тәртібі сақтандыру ұйымы мен қарыз алушының (сақтанушының) келісімі негізінде анықталады.
- Банк заңнамасына сәйкес, егер қарыз беру шартында сақтандыру келісімін жасасу туралы талаптар көзделсе, банк қарыз алушыны сақтандыру ұйымын таңдауда шектеуге құқылы емес, — дейді департамент директорының орынбасары.
Ресми мекеме мамандарының түсіндіруінше, сақтандыру ұйымын таңдаған қарыз алушы автокөлігін ерікті негізде сақтандыру келісіміне қол қою барысында сақтандыру шартының маңызды талаптары бойынша өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс жасауға және оларды сақтандыру ұйымымен бірлесіп айқындауға құқылы.
- Сақтандыру құжаты – бұл қарыз алушының өзін және оның мүлкін әртүрлі тәуекелдерден қорғау тәсілінің бір жолы, оның ішінде отбасылық бюджетті жоспардан тыс шығындардан сақтау тұрғысында да. Апат орын алған жағдайда не автокөлікке зақым келіп жатса, сақтандыру құжаты – апатқа кім кінәлі екеніне қарамастан, залалды өтеп береді. Сол сияқты, сақтандыру келісімінде автокөлікті ауа райы немесе басқа да қолайсыз оқиғалар нәтижесінде орын алуы ықтимал зақымдардан қорғау шарттары ескерілуі де мүмкін. Осылайша, сақтандыру келісіміне ие болған қарыз алушы, кредит төлеп отырған кезеңде кепілге салынған көлігі зақымдалып не істен шығады деп алаңдамаса да болады, — дейді Елена Филимонова.
Әлбетте, сақтандыру жөніндегі келісімге қол қоймас бұрын, ондағы шарттармен түгел танысып, мұқият оқып алған жөн. «Бұл алдағы күндері қарыз алушыны ықтималды тәуекелдерден қорғап, сақтандыру жағдайы көрініс беріп жатса, қалай әрекет етіп, қандай төлемге үміт артуға болатыны туралы нақты түсінікке ие болу үшін өте маңызды» деп түсіндіреді ресми мекеме өкілдері.