Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетіне қатысты өз шолуын жария етті
Негізгі тенденциялар
- Шикізат экспортының ұлғаюы (2022 ж. қаңтар-ақпан айларында +11%), энергетика нарығындағы бағаның одан әрі өсуі (үш айда +38%), ұлттық валюта бағамының әлсіреуі (үш айда 8,2%-ға) және ел ішіндегі жоғары экономикалық белсенділік (ЖІӨ 4,4%-ға өсті) аясында – шоғырландырылған бюджетке түскен салық ауқымы айтарлықтай өсті.
- 2022 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында елімізде 4,7 трлн теңге түрінде салық жиналды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш.
- Абсолютті параметрлер бойынша қарастырғанда, республикалық бюджетке түскен салық ауқымы айтарлықтай өскен (+1,3 трлн теңге). Бұл көрсеткіштегі өсімнің 90%-ға жуығы мұнай экспортына салынған кедендік баж салығы есебінен (+212 млрд теңге), ішкі тұтыну тауарларына қосымша құн салығы есебінен (+409 млрд теңге) және корпоративті табыс салығы есебінен (+502 млрд теңге) шығып отыр.
- Осылайша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында салықтық алымдар бойынша жылдық жоспардың орындалуы 30,9%-ды құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 20,4% болатын.
- Бұл тұрғыда шоғырландырылған бюджеттің шығыс бөлігі 28%-ға (1,1 трлн теңгеге) немесе 5,2 трлн теңгеге дейін өскен, сөйтіп, бюджеттің кіріс бөлігінен 8% немесе 0,4 трлн теңге жоғары шығып отыр.
- Шоғырландырылған бюджеттің шығыс бөлігінде, әсіресе, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етудің (+67 млрд теңге) және білім саласының (+192 млрд теңге) шығындары едәуір өскен. Сол сияқты, қарыздар бойынша қызмет көрсету және оларды өтеу (+559 млрд теңге) шығындары арта түскен. Жалпылай алғанда, жиынтық шығын өсімінде бұл көрсеткіштердің үлесі 74%-ды құрайды.
- Бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында 0,7 трлн теңге қарыз тартылды. Айта кету керек, жылдық жоспар бойынша қарызға тартуға көзделген қаражат ауқымы 4,7 трлн (+803 млрд теңге) болатын. Осылайша, бұл тұрғыдағы жылдық жоспар тек 14%-ға орындалды.
- Ұлттық қордан республикалық бюджетке бағытталған трансферт ауқымы биылға жоспарланған 4,6 трлн теңгені (кепілдендірілген – 4,0 және нысаналы – 0,6) құрады. Айтқандай, Ұлттық қордан алынған трансферт ауқымы осымен үшінші жыл қатарынан 4,5 трлн теңгеден жоғары деңгейде сақталуда.
- Ескеретін жайт – жалпы ішкі өнімге шаққанда (ЖІӨ) Ұлттық қордың активтері алдыңғы жылдағы 40%-дан 34%-ға дейін азайып, төмендетілмейтін қалдық деңгейіне жақындап қалды (ЖІӨ көрсеткішінің 30%-нан кем емес деңгей).
Түйін
2022 жылдың бірінші тоқсанында байқалған энергия ресурстарына деген рекордтық бағалар мен аталған шикізаттар бойынша экспорт көлемінің ұлғаюы және ел ішіндегі экономикалық белсенділіктің қалыпқа келуі – шоғырландырылған бюджетке түскен салық көрсеткішінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті.
Осыған орай, салықтық алымдар бойынша жылдық жоспардың орындалуы 30,9%-ды құрады (былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 20,4% болатын). Бұл тұрғыда, 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай, шоғырландырылған бюджетке түскен жиынтық ауқым 2021 жылғы 18,4% көрсеткішінен жалпы ішкі өнімге қатысты 20,2%-ға дейін өсуі тиіс.
Жоғарыда айтылған болжамды орындау барысындағы ықтималды тәуекелдердің арасында КҚК желісінің толыққанды қалыпқа келе қоймағанын да айта кету керек (Дүниежүзілік Банк бағалауынша, тоқтауға мәжбүр болған бір айда мұнай экспорты 2022 жылы 5–6%-ға қысқаруы мүмкін). Бұл тұрғыда, сондай-ақ транспорт шығыны салдарында Brent мұнайының нарықтық бағасына дисконт орнауы әбден мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, мұнайдың жылдық орташа бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде тұр. Соңғы үш жыл қатарынан трансферттер ауқымының жоғары болуынан (4,5 трлн теңгеден астам) Ұлттық қордың активтері төмендетілмейтін қалдыққа жақындап қалды (ЖІӨ-нің кемінде 30%-ы деңгейіндегі).
Соған сәйкес, қазіргі таңда Ұлттық қор активтерін тұрақтандырып, оларды әрі қарай қысқартуға (жинақтау функциясын) және мұнайға қатысты емес тапшылықты азайтуға жол бермеу үшін тиісті шаралар қаолдану қажеттілігі аса өзекті болып отыр. 2022–2026 жылдарға арналған жаңартылған болжамға сай, шығыс көрсеткіштерінің ұлғаюына орай, биыл шоғарлындырылған бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы ЖІӨ-нің 9,2%-на дейін өспек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,9% жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, фискалдық орнықтылықты нығайтып, Ұлттық қор активтерінің тұрақтылығына қолдау көрсету мақсатында бюджет заңнамасына 2023 жылдан бастап контрциклдық фискалдық ереже енгізілмек. Бұл ережеде негізгі басымдық макроэкономикалық тұрақтылық пен экономиканың өсуін арттыруға, сондай-ақ бюджет балансының шикізат нарықтарындағы бағаларға тәуелділігін төмендетуге беріледі.