Вы находитесь здесь:Главная/Экономика и бизнес/Сыртқы қарыз асқақтап тұр

Сыртқы қарыз асқақтап тұр

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 2021 жыл бойынша сыртқы секторға кезекті шолуын жария етті. Сарапшылардың пайымынша, 2022 жылы сыртқы қарызды төлеу жөніндегі міндеттемелер Қазақстанның алтын-валюта резервтерінен асып түсуі мүмкін.

ФОТО: pixabay.com

Негізгі тенденциялар

2021 жылы төлем балансы бойынша ағымдағы шот тапшылығы сауда балансының профицитін екі есе ұлғайту есебінен 0,8 млрд АҚШ долларына немесе 13%-ға қысқарған.

Шикізат пен металдар бағасының өсуі және оларды жеткізу көлемінің төмендеуі аясында экспорт бір жылдың ішінде 13,0 млрд долларға немесе 28%-ға ұлғайған. Мәселен, 2021 жылы мұнайдың орташа бағасы 64%-ға, мыстың бағасы 52%-ға, алюминий бойынша – 44%-ға өсті.

Бір жылдың ішінде импорттың өсуі тек 2,6 млрд долларды немесе 7%-ды құраған: тұтыну және өнеркәсіп тауарларының жекелеген санаттары бойынша импорттың өсуі шетелден әкелінетін машиналар мен құрал-жабдықтың азаюы есебінен бір деңгейге шыққан (-2,2 млрд доллар немесе 16%).

2021 жылы капитал ағыны 5,4 млрд долларды құраған, бұл – капитал ағынының айтарлықтай ұлғаюы есебінен – 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе дерлік төмен көрсеткіш: 22,5 млрд АҚШ доллары (2020 жылмен салыстырғанда өсім 2,4 есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда 9% жоғары).

Мемлекеттік сектордың қайта инвестициялары мен операциялары есебінен қамтамасыз етілетін (оның ішінде Ұлттық қордың резервтері мен активтерінің қысқаруы есебінен де) капитал ағыны 27,9 млрд долларды құраған (2020 жылмен салыстырғанда +11%; 2019 жылмен салыстырғанда +8%).

Өткен жылы Қазақстанның сыртқы қарызы ептеп ұлғайып, 2022 жылдың 1 қаңтарында 165,1 млрд АҚШ долларын құрады (+0,5 млрд АҚШ доллары). Осы кезең аралығында сыртқы қарыздың құрылымы нашарлап кеткен:

- қысқа мерзімді міндеттемелер 2,9 млрд доллар көлемінде тартылып, ұзақ мерзімді қарызды өтеу жалғасып жатты (-0,3 млрд доллар), тағы бір бөлігі бойынша – құнын қайта бағалау (-1,1 млрд доллар) және есептен шығару (-0,7 млрд доллар) шаралары өткізілді;

- сыртқы мемлекеттік және квазимемлекеттік борыш 5,0 млрд долларға немесе 14%-ға өсті, ал жеке сектордың сыртқы қарызы 4,5 млрд долларға немесе 3%-ға азайды.

2021 жылы қысқа мерзімді қарыздар мен мемлекеттік борыштың өсуі салдарында экономиканы қолдау шараларын іске асыру және валюта нарығын тұрақтандыру аясында Ұлттық қордың алтын-валюта резервтері мен активтері айтарлықтай қысқарып, сыртқы қарыз көрсеткіштерінің нашарлауына алып келді.

Түйін

2021 жылы ағымдағы шот тапшылығы импортқа қарағанда экспорттың айтарлықтай өсуі есебінен қысқарды. Салыстырмалы түрде, импорттың ептеп өсуі Қазақстанға машиналар мен құрал-жабдық жеткізудің қысқаруына қатысты болды. Бұл техникалық қызметтер импортының 40%-ға төмендеуімен бірге, ел ішіндегі ірі инвестициялық жобаларда құрылыс және монтаждау жұмыстары аяқталғанын да көрсетеді (оның ішінде ТШО-ның келешек кеңейту жобасы 89% шамасында орындалды), бірақ бүгінгі таңда жаңа жобалар басталған жоқ.

Қаржылық шоттағы капитал ағыны бұрынғысынша қайта инвестициялау (35%) және мемлекеттік сектор операциялары (45%) есебінен орын алды. Бұл тұрғыда соңғы 5 жылда капиталдың кең ауқымда сыртқа кетуі: қазақстандық компаниялардың өздерімен ықпалдас шетелдік компаниялар алдындағы міндеттемелерін өтеуіне (6,0 млрд доллар немесе 27%), резиденттердің шетелдік бағалы қағаздарды сатып алуына (4,9 млрд доллар немесе 22%) және қазақстандық компаниялардың шет елдердегі шоттарға қаражат аударуына (2,7 млрд доллар немесе 12%) байланысты болды.

Алдағы 12 айда өтеуге жататын сыртқы қарыз 11,7 млрд АҚШ долларына немесе 47%-ға өсті (36,6 млрд долларға дейін). Осының салдарында 2014 жылдан бері алғаш рет сыртқы қарыздың көлемі еліміздің алтын-валюта резервтерінен асып түсті. Сәйкесінше, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай Гринспан-Гвидотти критерийі 94%-ды құрады. Яғни, сыртқы қаржыландыру көздері болмаған жағдайда еліміздің резервтік активтері, биыл көзделгендей, сыртқы қарыз бойынша төлемдерді толығымен жаба алмайды деген сөз.

Айта кету керек, сыртқы қарыздың өсуі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор есебінен орын алды, ал жеке сектордың сыртқы міндеттемелері айтарлықтай төмендеді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сай үкімет пен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының соңғы 7 жылдағы сыртқы қарыздарының Ұлттық қордың валюталық активтеріне барынша жоғары қатынасы тіркелді. Мемлекеттің тікелей және шартты сыртқы міндеттемелерінің ұлғаюы оны қаржыландырудың қосымша көздерін талап етумен қатар, бюджетке өзіндік ауыртпалық түсіруі мүмкін («қарыз тұзағы» дегендей жағдай).

Жоғарыдағы мәліметтерді қорытындылай келсек, 2021 жылы Қазақстанның сыртқы секторының біріктірілген статистикалық көрсеткіштері жақсарғанына қарамастан, оларды егжей-тегжей талдау барысы көрсетіп бергендей, қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттік қаражаттың орнықтылығына және ұлттық валютаның тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін жасырын қауіптер анық көрініс беруде.

TOP