Вы находитесь здесь:Главная/Life/Каскадер Әлия Ысқақова әлемдік жобаларға қалай шақырылды?

Каскадер Әлия Ысқақова әлемдік жобаларға қалай шақырылды?

22.03.2022

Бұл туралы Халықаралық кинонарықта кеңінен танымал қазақстандық «Nomad stunts» тобының мүшесі Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.

F: Әлия, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Туып-өскен жеріңіз? Қайда оқыдыңыз?

- Мен Қарағандыда дүниеге келдім. Балалық шағым да сонда өтті. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде биолог мамандығы бойынша білім алдым. Бірақ мен көбінде спортқа жақын болдым. Гимнастикамен, жеңіл атлетикамен шұғылдандым, биге қатыстым, тхэквондо, спорттық туризммен және құзға өрмелеумен айналыстым.

F: Сіз халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз. Спорттағы жетістіктеріңізге тоқтала кетсек...

- Мен тхэквондомен бала кезімде, мектеп қабырғасында жүргенде айналыстым. Ол кезде небары 12–13 жастамын, сондықтан айтарлықтай нәтижеге жеттім деп айта алмаймын. Сол кезде бір-екі жарысқа барғаным есімде. Тхэквондомен екі жылдай айналыстым және сонымен қатар құзға өрмелеумен шұғылданып, 2002 жылы тау спортына біржолата ауыстым. Жаттықтырушым өзімнің анам – Сәуле Ысқақова болғасын, бұл арада айтулы нәтижеге жету мен үшін міндет деген сөз. Көп ұзамай Қазақстанның Ұлттық құрамасы қатарына алындым. Сөйтсем, алда бұдан да биік асулар бар екен. Құзға өрмелеу спорты бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері атандым. Араға уақыт салып бірқатар халықаралық бәсекелерге қатысып, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындау бұйырды.

F: Ал «Nomad stunts» құрамына қалай қабылдандыңыз? Топ жетекшісі Жайдарбек Күнгіжүновпен қалай таныстыңыз?

- 2009 жылы маған «Nomad stunts» каскадерлар тобындағы Бақытжан есімді досым хабарласып, топқа қыздарды қабылдап жатқанын айтты. Мен, әрине, бағымды сынауға бел будым. Содан Алматыға көшіп, жаттығуды бастап кеттім. Ал топ басшысы Жайдарбек Күнгіжүновпен мені сол кезде Бақытжан досым таныстырған еді.

F: Сізді бірден қабылдады ма? Іріктеу қалай жүрді? Сізге қойылған талап қандай болды?

- Мені топ құрамына бірден алған жоқ. Жалпы, бұл салада кімді болса да бірден қабылдай салмайды. Алдымен жаттығу керек. Мен ұзақ уақыт бойы шыңға өрмелеу спортымен айналыстым. Сондықтан менің физикалық дайындығым жақсы болды. Ал «Номадқа» келгенде алдымен аттармен жұмыс істеуді үйреніп, жаттығуға тура келді. Алғашқы жаттықтырушым Альфия Күнгіжүнова болатын. Бұл кісіден көп нәрсені үйрендім. Кейін семсерлесу бойынша жаттығуылар басталды, қойылым көріністерін пысықтадық, өзге де талаптарды игердік. Араға бір жыл салып Жайдарбек мені топ құрамына алды. Сол үшін де оған алғысым мол.

F: Енді сіз түскен Кунг-фу жобасына келсек. Сіз бұл жобаға қалай келдіңіз? Онда кімге дублер болдыңыз?

- Бұған дейін «Кунг-фу» жобасының каскадерлары ондағы актрисаның біріне дублер іздеп, кастинг жариялаған болатын. Сериалдың алғашқы маусымында трюк қойылымдарын жасаумен Бретт Чан (Brett Chan) айналысты, ол біздің «Nomad stunts» командасымен бірге «Марко Поло» жобасында істеген еді. Мені кастингке сол кісі шақырды. Бір аптадан кейін қайта хабарласқан Бретт, менің кастингтен өткенімді жеткізіп, бірге жұмыс істеуге шақырды. Мен, әрине, қуана келістім. Бұл сериалда «Zhilan» деген кейіпкердің рөлін сомдаған Ивонн Чепмен (Yvonne Chapman) есімді канадалық актрисаға дублер болдым. Ол өте талантты әртіс.

F: Бұл жобаны кімдер түсірді? Қандай компания? Туынды қай жерде түсірілді?

- «Кунг-фу», ол – шытырман оқиғаларға толы және жауынгерлік өнер жайлы американдық телесериал. Оқиға желісі бүгінгі заманда, бүгінгі уақытта өрбиді, бірақ бұл сериал 1970 жылдары түсірілген аттас туындыға бейімделген. Ал оны тұпнұсқа ретінде Warner Bros. Television түсіріп, продюсерлік етті. Фильмнің премьерасы 2021 жылдың 7 сәуірінде The CW арнасында көрсетілді. Түсіру жұмыстары Канаданың Ванкувер қаласында өтті. Бұл фильм – Ники есімді жас қыз туралы сериал. Алғашында ол өзін тану үшін монастырға кетеді. Ал үйіне қайта оралғанда, аңызбен өрнектелген қызықты да шытырман оқиғалардың ортасына тап болады. Бірақ кейін оның бәрі шындыққа айналып, ақиқатқа ұласады.

F: Фильмде Сізге қандай трюктер тапсырылды? Оларды орындау қиын соқпады ма? Есте қалғаны қайсысы?

- Әрине, түсіру жұмыстары оңай болды деп айта алмаймын. Мен үшін «Кунг-фу» жауынгерлік өнердің жаңа бір бағыты іспетті болды. Тіпті, базалық қозғалыстарды жасау үшін де біраз тер төгуге тура келді. Жобаның каскадерлар тобы мені күн сайын үйретіп, тынымсыз жаттығудан бас көтере алмадық. Дене мүшесінің ауырмайтын жері қалмады, кейде тіпті үйге қайтарда көлікке отырудың өзі қиынға соғатын. Бірақ бұның бәрі соған тұрарлық әрекеттер еді. Мен әрі қарай шыңдалып, өзімді мейлінше төзімді, мықты сезіндім. Сонымен қатар мен Қазақстанда Евгения Колокольников деген жаттықтырушыдан ушу бойынша онлайн сабақ алдым. Онымен қазірге дейін ушумен айналысуды жалғастырудамын... Ал ең есте қалған қойылым – болатарқанмен (трос) жасаған трюктер. Биіктен құлайтын, ұшатын сәттердегі еркіндіктің кермет сезімін ұмыту мүмкін емес. Ұмыта да алмайсың.

F: Сіз канадалық Кино және телевизия академиясының әйгілі жүлдесін жеңіп алдыңыз. Бұл қандай номинация? Еңбегіңіз осылай жоғары бағаланғанын қалай қабылдадыңыз?

- Ол 2021 жылдың «Best stunt performance» деп аталатын номинациясы. Мен оны бір өзім алған жоқпын. Бұл ұрыс қойылымдарын жасаған, оларға қатысқан бүкіл командаға берілген марапат. Ал өз басым, шынымды айтсам, мұндай жоғары бағаға ие болам деп күтпеген едім. Бұл бір керемет тосын сый болды. Сол кезде көңілім көкке жетіп, қуандым, әрине, таңдандым да.

F: Сіз орындаған трюктер қалай бағаланады? Гонорар неге байланысты?

- Каскадерлардың гонорары әртүрлі бағаланады, негізінен, қойылымдардың қауіптілігі мен күрделілігіне байланысты.

F: Сіз қазір де Ванкувердесіз. Сонда жұмыс істеуді жалғастыра бересіз бе әлде елге ораласыз ба? Алда қандай жобалар, ұсыныстар бар?

- Қазір «Кунг-фу» жобасының екінші маусымының жұмыстары жалғасуда. Түсіру жұмыстары наурыздың соңын ала аяқталуы тиіс. Алдағы жоспарлар дегенде – осы жобаны аяқтап, үйге, өзімнің Қарағандыма оралуды ойлап отырмын. Әрбір жобадан кейін туған жерге оралуға асығамын. Өз жерімде, ата-анамның жанында болуды қалаймын. Ал алда қандай жоба күтіп тұрғанын әзірше білмеймін, олардың бәрі, әдетте, күтпеген жерден, тосын тарту ретінде шығып жатады.

F: Жалпы, «Номад» құрамында қандай жобаларға қатыстыңыз? Қандай елдерде жұмыс істедіңіз?

- Мен қатысқан жобалардың бәрі «Номад» тобы аясында. Қазір де сол команданың құрамындамын. «Номад» тобымен бірге «Жаужүрек мыңбала», «Рэкетир-2», «Ограбление по-казахски», «Кенже» фильмдеріндегі қойылымдарға қатыстым. Мұның бәрі қазақстандық жобалар. Ал шетелдік туындылардың ішінде атап айтсам, ол – «Тобол» (Ресей), «Manikarnika» (Болливуд), «Marco Polo» (1–2 маусым), «Deadly class» (1 маусым), «Snowpiercer» (1 маусым), «Legends of tomorrow» (5 маусым), «The 100» (7 маусым), «Batwoman» (1–2 маусым), «Motherland» (2 маусым), «The Flash» (7 маусым), «Kung Fu» (1–2 маусым). Бұрын мен тек атпен жұмыс істейтінмін, қазір ұрыс, төбелес, құлау, секіру сынды қойылымдарды да орындаймын және болатарқанмен жұмыс істеймін. Жалпылай алғанда, Ресей, Үндістан, Түркия, Испания, Венгрия, Словакия, Малайзия, Канададағы жобаларға қатыстым. Менің карьерамдағы ең есте қалған ерекше сәт «Марко Поло» сериалы. Маған онда Мишель Йео (Michelle Yeoh) сынды танымал актрисаға дублер болу бақыты бұйырды. Ондай аңыз адаммен жұмыс істеу кімге болса да арман.

TOP