Отандық сарапшылардың 2023 жылдың қаңтарына қатысты пайым- болжамдарында оптимистік көзқарас аса анық байқалмады
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы қаржы нарығындағы ойыншылар арасында жүргізген кезекті сауалнама қорытындысын жария етті.
Байқауымызша, нарық ішіндегі ойыншылардың пікіріне қаңтардағы алғашқы екі сауда сессиясында мұнай бағасының күрт төмендеуі әсер етсе керек (бір баррельге 85,9 АҚШ долларынан 77,8 долларға дейін).
Отандық сарапшылардың пайымынша, алдағы жылы Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелінің бағасы 86,3 долларды құрамақ. Ал бір ай бұрынғы болжамдарында олар келесі жылы мұнайдың бір баррелі 91,4 долларға бағаланады деген болатын. ҚҚҚ сарапшылары болса мұнайдың арзандауын АҚШ пен Қытай тарапынан шикізатқа деген сұраныстың төмендеу мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық көңіл-күймен түсіндіреді.
Есесіне, сарапшы қауым, бір жылдан кейін еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,7%-ды құрайды деп, өздерінің бұған дейінгі болжамдарын біршама жақсартып отыр (өткен айдағы болжам 2,8% болатын). Бұған, сірә, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ деңгейі 3,1%-ды құрағаны әсер етсе керек.
Өз кезегінде, ҚҚҚ сарапшылары бұл пайымды – КҚК құбыры бойындағы және Қашаған мен Қарашығанақтағы жөндеу жұмыстары өз мәресіне жетіп, еліміздің шикізат эскпортының ауқымы арта түседі деген көзқарастан туындаған пікір деп түсіндіреді.
Айтпақшы, соңғы алты ай орамында алғанда қаржы нарығы сарапшыларының инфляцияға қатысты пайым-болжамдары бірінші рет төмендей түскенін айта кету керек. ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылар 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляция қарқыны 13,5% деңгейінде бәсеңси түседі деп күтеді (бір ай бұрынғы болжам 14,3% деңгейінде болатын). Бұған, әрине, шикізат бағасы мен азық-түліктің әлемдік бағасының біртіндеп төмендеуі және пайыздық мөлшерлемелерді жоғары көтеру саясаты әсер еткен секілді.
Сауалнама қорытындысы бойынша сарапшы қауымның базалық мөлшерлеме туралы пікір, көзқарасы екіге бөлінген деуге келеді: 52%-ы базалық мөлшерлеме өзгермейді деген болжам айтса, қалғандары – мөлшерлеме 17,0%-ға дейін көтеріледі деп күткен. Айта кетейік, 13 қаңтардағы отырысында ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырғанын мәлім етті.
Ал сарапшы қауымның ұлттық валюта бағамына қатысты болжамы өткен аймен салыстырғанда ептеп болса да жақсара түскен: олардың пікірінше, бір жылдан кейін АҚШ доллары 491,8 теңгеге бағалануы ықтимал (өткен айдағы болжам 497,1 теңге болатын).
ҚҚҚ сарапшыларының түсіндіруінше, мұндай болжамға, ең алдымен, ішкі факторлар әсер етуі мүмкін, мысалға, базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюта түсімдерін міндетті түрде саудаға шығаруы, Ұлттық қор трансферттерінің конвертациясы деген сияқты (2022 жылы сауда ауқымының 31%-ын құраған).
Олар, сондай-ақ соңғы кездері анық байқалған ресейлік рубльдің әлсіреуі әлі де жалғасуда дегенді баса айтады. Қазақстанның қаржы нарығындағы ойыншылардың пікірінше, алдағы жылы USD/RUB жұбының бағамы 76,8 рубль деңгейінде қалыптаспақ (ағымдағы деңгей 68,7 рубль шамасында).