Вы находитесь здесь:Главная/Экономика и бизнес/2022 жыл: Қазақстанның банк секторы сыртқы күйзелістерге төзімді

2022 жыл: Қазақстанның банк секторы сыртқы күйзелістерге төзімді

Халықаралық ұйымдардың пікірі осыған саяды

ФОТО: © Depositphotos/Andrey_F

Ел экономикасына ықпал етіп отырған сыртқы да ішкі факторлардың елеулі қысымына қарамастан, Қазақстанның банк секторы өзіне жүктелген міндеттемелерді толығымен орындай алады.

Көрсеткіштер жаман емес

Желтоқсанның басында Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның дербес кредиттік рейтингін «ВВВ» деңгейінде мақұлдап, елдің қаржылық жағдайына қатысты «Тұрақты» деген болжамын жария етті. Халықаралық агенттік сарапшыларының пікірінше, елдің мұндай рейтингіне қолдау болған негізгі факторлар – фискалдық және сыртқы баланстар: бұл көрсеткіштер сырттан соққан күйзелістер алдында төзімді екендігін дәлелдей алды.

Өз есебінде Fitch, сондай-ақ Қазақстанның банк секторының капиталдандырылу деңгейі жеткілікті әрі тұрақты дегенді баса айтып, 2022 жылдың ІІІ тоқсанындағы жағдайға сай сектор бойынша жұмыс істемейтін кредиттер коэффициенті 4,6%-ды құрады деп көрсетті.

Айтқандай, 2022 жылы еліміздің банк секторы – «алдын ала болжау мүмкіндігі болмаған» екі бірдей қиын жағдаймен бетпе-бет келді.

Бүгінде бұл жағдайлардың есепсіз салдары тек банк саласы үшін ғана емес, жалпы ел экономикасына оңай соғып отырған жоқ. Бұл арада біз, алдымен, қоғам қасіретіне айналған қаңтар оқиғасы мен әлем нарықтарын дүр сілкіндірген геосаяси дағдарысты меңзеп отырмыз. Геосаясаттағы аласапыран салдарында отандық нарықтағы ресейлік банктердің еншілес ұйымдары санкциялар қысымын еңсере алмады, ал ел ішіндегі инфляция қарқыны күн өткен сайын шарықтау үстінде.

Естеріңізге сала кетсек, биыл күзде өткен «S&P Global Ratings: Қазақстан Республикасы» деп аталатын жыл сайынғы конференция барысында S&P Global Ratings «Қаржы институттары» бағытының директоры Сергей Вороненко, үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында сектор іші клиенттердің 1,6 трлн теңгедей қаржылай қаражатынан қағылғанын мәлім етті. Дегенмен, жаз шыға бұл жағдай қалыпқа келіп, маусым, шілде, тамыз айларында отандық банктерге 4 трлн теңге келіп түскені мәлім етілді, ал бұл еліміздегі банк клиенттерінің жалпы қаражатының 14%-ы шамасындағы көрсеткіш.

10 қазанда жария еткен есебінде халықаралық агенттік Қазақстанның банк секторы «бүгінгі таңдағы күйзеліс жағдайына айтарлықтай төзімді» дегенді мәлім етті.

Сергей Вороненко өз сөзінде, сыртқы факторлардың келеңсіз ықпалына қарамастан, 2022 жылды қазақстандық банктер мейлінше жоғары көрсеткіштермен бастағанын айтып өтті, әсіресе, капиталдандыру және ликвидтілік көрсеткіштері бойынша.

Сол сияқты, қазақстандық банктердің қоржындарында сыртқы қаржыландыру қорларының үлесі төмен, ал шетел валютасы түріндегі кредит ауқымы аса көп емес – бұл банктердің валюталық тербеліс, ауытқулар алдындағы қауқарын күшейте түссе керек.

S&P өз есебінде Қазақстанның банк секторы әлі де болса ұзаққа созылған түзету кезеңін бастан кешуде деп есептейді, дегенмен бұған дейін қалыптасып, тамыр жайған үмітсіз активтерді реттеп, «сіңіру» процесі, халықаралық агенттіктің пікірінше, біртіндеп аяқтала бастады.

Ипотекалық кредитке деген сұраныс зор

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан екінші деңгейдегі 21 банктің 12-сінде шетелдік үлес бар, оның ішінде 9-ы еншілес банк болып табылады.

Агенттік ұсынған соңғы деректер бойынша, 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сай, банк секторының активтері 42,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде ликвидтілігі жоғары активтердің үлесі 31%-дай немесе 13 трлн теңге. «Бұл банктерге өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін толығымен орындауға мүмкіндік береді», — деп көрсетеді реттеуші орган.

Салыстыра кетсек: өткен жылдың сәйкес кезеңінде банктердің актив көрсеткіші 36 трлн теңге деңгейінде, ал ақшалай қаражатқа оңай жұмылдыруға болатын қор үлесі 12 трлн теңгедей болатын.

Биыл отандық банктер ел экономикасын кредиттеуге 21,5 трлн теңге бағыттаған (2021 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 17,2 трлн теңге). Заңды тұлғаларға берілген кредит көрсеткіші 8,1 трлн теңге. Сала бойынша алып қарастырсақ, кредит алушылардың негізгі құрамы төмендегідей: өнеркәсіп (34,4%), сауда саласы (21,3%), құрылыс саласы (7,5%) және транспорт (5,7%).

2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерге тоқталсақ, былтыр ел экономикасын кредиттеу ауқымында өнеркәсіп үлесі 14,1%-ды, сауда саласы – 10,9%-ды, құрылыс – 3,3%-ды, транспорт саласы – 2,6%-ды құраған. Яғни, он екі айдың ішінде жоғарыда аталған салаларды кредиттеу көрсеткіші екі еседей артқан.

Жеке тұлғаларды кредиттеуге отандық банктер жыл басынан бері 13,4 трлн теңге бағыттаған. 2021 жылдың 1 қарашасына шаққанда биылғы кредиттеу ауқымы 34% жоғары. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің артуын ипотекалық кредит ауқымының өсуімен түсіндіруге болады. Ал ипотека үлесінің артуына мемлекет жүзеге асырып жатқан жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар әсер етуде.

Тұтыну кредиттері бойынша талап күшейе ме?

Агенттік мәліметінше, бүгінде өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздар деңгейі (NPL90+) банк секторы бойынша жалпы кредит портфелінің 3,7%-ын құрайды, яғни 836 млрд теңге. Заңды тұлғаларға қатысты портфельде (шағын және орта бизнесті қосқанда) NPL90+ үлесі 3,6% немесе 365 млрд теңге. Ал жеке тұлғалар бойынша – 3,8% немесе 471 млрд теңге. Жұмыс істемейтін кредиттерді провизиялар есебінен жабу деңгейі өте жоғары – 75,6%.

Бұл көрсеткіштерді былтырғы мәліметтермен салыстырсақ, 2021 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша отандық банктердің кредит портфелінде NPL90+ үлесі 4,0% болған. Жеке тұлғалар портфелінде бұл көрсеткіш 3,9%-ды, заңды тұлғалар бойынша (шағын және орта бизнесті қосқанда) – 4,4%-ды құраған.

Қаржы нырығын реттеу және дамыту агенттігі алға тартқан соңғы мәліметтерде резиденттердің банктердегі депозит портфелі 30 трлн теңгеге бағаланған. Ал былтыр қазақстандық банктердің резидент санатындағы клиенттерінің депозит салымдары 25,35 трлн теңгені құраған болатын. Соған қарағанда, биыл қазақстандықтар өз қаражатын банктерде жинап ұстауға барынша ниетті болса керек. Бұл арада, сондай-ақ базалық мөлшерлеменің көтерілуіне орай банктер тарапынан қаржыландыру шығындарын ұлғайту жоспарлары да елеусіз қалмағаны анық.

Нарықтағы деректерге жүгінсек, 2022 жылдың қыркүйегінде банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,6%-ды (2021 жылдың қарашасында 7,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 12,6%-ды құраған (2021 жылдың қарашасында 8,4%). Айтпақшы, Fitch сарапшыларының пікірінше, қазақстандық банктерге депозиттердегі ақшаларды ұстап қалуға дәл осы ұлттық валютадағы салымдарға белгіленген пайыздық жоғары мөлшерлеме септік еткен (әлбетте, өзге де кешенді шаралармен қатар).

Айта кетейік, биыл елімізде базалық мөлшерлеме жыл басынан бері алты рет көтерілді. 2022 жылдың 6 желтоқсанында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға көтергенін мәлім етті. Желтоқсанның басында Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы жария еткен шолуда, қаржы нарығындағы ойыншылардың 67%-ы базалық мөлшерлеме «17,5%-ға көтерілуі әбден мүмкін» деген болжам айтқан болатын (33%-ы мөлшерлеме сол деңгейде қалады деп күтті).

Айтқандай, дүйсенбі, 12 желтоқсанда үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, банктердің табысына салынатын салық көрсеткішін қайта қарау туралы жоспарын жария етті. «Ұлттық Банктің ноталары бойынша банктердің кірістеріне салық салу қайта қаралатын болады. Бұл оларды экономикаға тікелей әсер етпейтін жоғары кірісті қаржы құралдарына емес, нақты бизнес-жобаларды кредиттеуге ынталандыра алады», — деді ел президенті өз сөзінде.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ тұтыну кредиттерінің шектен тыс беріліп жатқанына да алаңдаушылық танытты.

«Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында. – Миллионнан астам адам өз міндеттемелерін өтей алмай жүр. Олардың көпшілігі шарасыздық шегіне жетіп, алдыңғы кредитін төлеу үшін жаңадан кредит алуға мәжбүр. Сондықтан да 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» Заң өз күшіне енуі керек».

Соған қарағанда алдағы Қоян жылы еліміздің банк секторын бірқатар жаңа өзгерістер мен талаптар күтіп тұрса керек...

TOP