Мұнай саласындағы ғасырлық қызметінің қорытындысын шығарған «Ембімұнайгаз» АҚ Алматыда өткен баспасөз мәслихатында отандық БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді
Барланған мұнай қоры қанша уақытқа жетеді?
Бүгінде компания балансында 46 кен орны бар. Оның игерілетіні – 32, барланатыны – 4, қалған 10 кеніш консервацияда.
«2021 жылы «Ембімұнайгаз» 2,5 млн тонна мұнай өндірсе, 2021 жылдың 7 айында өндірілген мұнай көлемі 1,5 млн тоннаны құрады. Жалпы, соңғы 100 жылда компания 188 млн тоннадан астам мұнай өндірді», — дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Қайыржан.
Орта есеппен алғанда, компания жылына 2–2,5 млн тонна мұнай өндіреді. Қазір барланған мұнай қоры шамамен 80 млн тонна. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қор әлі 30 жылға жетеді. Яғни, «мұнай қоры таусылып, компания шығынға ұшырайды деп алаңдауға себеп жоқ». Жақында тағы 2–3 жаңа кен орнын іске қосу жоспарда бар.
Пандемия компанияға қалай әсер етті?
«Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетованың айтуынша, пандемия кезеңінде компания өндірісі біраз тоқырауға ұшыраған. Бірақ қазір компания пандемияға дейінгі көрсеткішті қалпына келтірген.
«2018–2021 жылдардың аралығында «Ембімұнайгаздың» таза табысы 280 млрд теңгені құрады. Пандемияға дейін компания көрсеткішкіштері жақсы еді, пандемия кезеңі басқа салалар сияқты, біздің компанияны да шығынға ұшыратты. Мысалы, 2020 жылды 18 млрд теңге шығынмен аяқтадық. Себебі компанияның негізгі активтері құнсызданды. Бірақ келесі жылы қауырт жұмыс атқарып, пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта қол жеткіздік», — дейді Рысты Тасмағамбетова.
2019 жылы компанияның таза табысы 99 млрд теңгені құраса, 2021 жылы 56 млрд теңгеге артқан. 2022 жылдың соңына қарай жоспар бойынша таза табысты 26 млрд теңгеге арттыру көзделген.
«Мұнай бағасының қазіргі өсуі таза табысты 26 млрд теңге емес, 56 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — дейді компания директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары.
«Ембімұнайгаз» мемлекетке қанша салық төлейді?
2012 жылдан бастап «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Содан бері Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд теңге төлеген.
Рысты Тасмағамбетованың айтуынша, 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін компания мемлекет қазынасына 491 млрд 695 млн теңге салық төлеген. Ал 2022 жылы тағы 155 млрд 730 млн теңге сомасында салық төлеу жоспарланған.
Геосаяси жағдай мұнай өндірісіне қалай әсер етеді?
Ембі кен орындарын игеру өнеркәсіптің жаңа салаларының, атап айтқанда мұнай өңдеу мен мұнай құбыры жүйесінің пайда болуына және қалыптасуына себеп болды.
«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Өндірілген өнім ішкі нарыққа отандық мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал экспортқа негізгі екі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.
«Соңғы уақытта көрші елдерде болып жатқан оқиғалар мен геосаяси жағдайлардың әзірге мұнай өндірісіне тікелей әсері байқала қойған жоқ. Алайда бұл басшылықты, мұнайшыларды үнемі алаңдатып отырған түйінді сұрақ. «Ембімұнайгаз» тек мұнай өндіреді, ал экспорт, өнімді сату және жеткізу, саяси қарым-қатынас мәселелерімен арнайы мекемелер айналысады. Әрине, өз тарапымыздан біз де бұл оқиғалар компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етпеуін қамтамасыз етуге тырысамыз», — дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Қайыржан.
Рентабельділігі төмен кен орындары не үшін керек?
«Ембімұнайгаз» компаниясының еншісінде бірнеше ескі кен орындары бар және олардың сулану деңгейі айтарлықтай жоғары. Рентабельділігі төмен, шығыны көп кен орындары мен кеніштермен әрі қарай қалай жұмыс істеудің қажеті не? Бұл сұраққа Есен Қайыржан былай деп жауап берді: «Әр кен орнының өз жеке даму кезеңі болады. Мемлекет тарапынан бекітілген жобалық көрсеткіштер мен мұнай өндіру коэффициенті орындалмайынша біз кен өндіру орнынан бас тарта алмаймыз».
«Ембімұнайгаз» өкілдерінің айтуынша, өнімділігі төмен, шығыны көп кен орындары туралы мәселе қозғалғанда компания оның тек техникалық жағын емес, әлеуметтік жауапкершілігін де сезінуі керек. Ескі және өнімділігі төмен кен орындарын жабу компания қызметкерлерінің қысқартылуына, жұмыссыз қалуына әкеп соғады.
«Қазір біздің компанияда 5000-ға жуық қызметкер бар. Компания кез келген кен орнын толығымен пайдаланып, пайдалы қазбаны толық өндірудің барлық тәсілін қарастырады. Мұнай сарқылған соң ескі кен орындарында жұмыс істеген қызметкерлерді басқа активтерге немесе жаңа кен орындарына тартуға жауаптымыз», — дейді Рысты Тасмағамбетова.
Мәлімет
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. Компания тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Отандық мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушы компания кейін Маңғыстау, Ақтөбе, Орал өңірлеріндегі кен орындарын игеруге кіріскен. Қазір «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың төрт ауданындағы 6 өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді.
Дана Маратова