Вы находитесь здесь:Главная/Экономика и бизнес/Сарапшы: Алдағы 20 жылда Ұлттық қордағы қаражат бәрібір жұмсалады...

Сарапшы: Алдағы 20 жылда Ұлттық қордағы қаражат бәрібір жұмсалады...

Қазақстан халқына кезекті жолдауында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы жинақтаушы шотына аударуды ұсынды

ФОТО: © Depositphotos/schankz

«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады» деді Мемлекет басшысы.

Байқауымызша бұл тұрғыда қазір қоғам ішінде қызу талқы әлі де жүріп жатыр. Тәуелсіз экономист Қуаныш Жайықтың пікірінше, мұндай ұсыныс елімізде бұрын-соңды айтылған жоқ, сондықтан да «ақша таратудың кез келген жолына наразылық танытушыларды түсінуге болады».

«Алдағы 20 жылда Ұлттық қордағы қаражат бәрібір жұмсалады, мәселе оны кім және қалай жұмсайды дегенге келіп тіреледі. Өз басым былайғы жұрт шенеуніктерге қарағанда ақшаны мейлінше тиімсіз жұмсайды дегенді әзірше байқамадым», — дейді экономист маман.

Ол, сондай-ақ Қордағы ақша экономиканы «қыздыра қоймайды» деп отыр, өйткені Ұлттық қордағы ақша «біртіндеп алынады және де бұл арада мерзімінен бұрын алу құқы жоқ».

«Ұлттық қордағы қаражаттың басым бөлігі валюта түріндегі активтерге салынған – 2021 жылы олардың үлесі 93%-ды құрады. Соңғы 5 жылда бұл активтерден түскен жылдық табыс 4,76% болатын, яғни 2,5–3 млрд АҚШ доллары шамасында. Ұлттық қордың табыс көрсеткішін ұлғайту үшін мұнайдың бағасы әрдайым жоғары болуы тиіс және оны тасымалдауға қатысты қандай да бір мәселе туындамау керек. Ал Каспий құбыр консорциумы (КҚК) аясындағы соңғы оқиғалар легінде бұл өте күмәнді», — дейді экономист Қуаныш Жайық.

Сарапшының пікірінше, табыс көрсеткіші жылына 4–5%-дан жоғары болады деуге негіз бар ма, жоқ па – бұл «үлкен сұрақ».

«Қаржы әлемінде risk-return, яғни тәуекел мен табыстың ара қатынасы деген ұғым бар. Былайша айтқанда, табыс неғұрлым жоғары болса, ауытқулар да соғұрлым елеулі болады деген сөз. Яғни, біз 10% деңгейінде табысқа кенелуіміз мүмкін, бірақ соған сәйкес кейде минус 10% деңгейімен де санасуға тура келеді. Бұл жеке капитал үшін орынды болуы ықтимал әрі ұзаққа созылған мерзім аралығында, айталық 15–20 жыл, тіпті одан да көп уақыт орамында. Бірақ жыл сайын белгілі бір сомада қаражат ауқымы алынып отыратын Ұлттық қор үшін екіталай», — дейді ол.

Айтқандай, отандық сарапшылардың бірқатары, егер жолдаудағы бұл ұсыныс ойдағыдай жүзеге асса, дүние есігін жаңа ашқан қазақстандық нәрестелер кәмелет жасына жеткенде 3000 доллардан 4,5 – 5000 долларға дейінгі қаражатқа қол жеткізе алады деген есептеулерін алға тартуда. Бұл тұрғыда олар Ұлттық қордың ағымдағы табыс көрсеткіші мен валюталық депозиттер бойынша бүгінгі мөлшерлемелерді есепке алуда.

Дегенмен, экономист Қуаныш Жайық, бұл арада «өзіндік көптеген гәп бар» дегенді ескертеді. «Ұлттық қор қаражаты әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік төлемдерге жұмсалмайды дегенді жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты, мұнайдың бағасы бүгінгі 100 доллардан да төмен арзандап кету мүмкіндігі тағы бар. КҚК бойында кезекті іркіліс туындамайды деп дөп басып айта алмаймыз. Оның сыртында, демографиялық көрсеткіш те бір орында тұрмайды, ол төмендеп кетуі ықтимал, не керісінше қарқындап өрлеуі мүмкін», — дейді сарапшы.

Әйтсе де ол жолдаудағы бұл бастаманы «тың ұсыныстар» қатарына қосады. «Жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар үшін бұл ұсыныс шынайы қолдау болмақ. Тіпті, білім алу шығынын өтеуге не баспана алуға жетпей жатса да, бастапқы капитал ретінде ол кәдімгідей демеу бола алады», — деп есептейді экономист Қуаныш Жайық.

TOP